04
май
2021
«Кенгуру – математика барлығы үшін» халықаралық ойын конкурсы
Құрметті достар! «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ағымдағы жылдың 11-16 мамыр аралығында ҚР білім беру ұйымдарының 1 - 11 сынып оқушылары арасында «Кенгуру-математика барлығы үшін» математикадан халықаралық ойын конкурсын өткізетінін хабарлайды.
«Кенгуру – математика барлығы үшін» математикадан әлемдегі ең танымал сайыстарының бірі. Жыл сайын оған бүкіл әлем бойынша алты миллионнан астам оқушы қатысады. Тапсырмаларға күрделілік деңгейі бойынша өте қарапайым сұрақтан бастап, аса күрделіге дейін өзгеретін қызықты сұрақтар кіреді. Алайда, барлық есептердің дұрыс жауабы бар, олардың шешімін оқушы математика саласындағы білімін қолдану арқылы анықтайды.
Конкурс алдын-ала іріктеусіз 1 - 11 сынып оқушылары үшін өткізіледі. Конкурсқа қатысу ерікті болып табылады, оқушыларды олардың қалауынсыз конкурсқа қатыстыруға тыйым салынады.
«Кенгуру – математика барлығы үшін» халықаралық ойын конкурсына қатысу тегін. Егер конкурс қорытындысы бойынша қатысушы өзінің сертификатын немесе дипломын электрондық форматта алғысы келсе, 500 теңге мөлшерінде төлем жасауы қажет болады. Төлем бойынша нұсқаулық кейінірек games.daryn.kz сайтында жарияланады.
Конкурсқа қатысу үшін games.daryn.kz сайтына кіріп, тестілеу басталар алдында қатысушының сауалнамасын толтыру қажет. Әр қатысушының өз электрондық поштасы болуы керек, сауалнаманы алдын ала толтыру мүмкін емес. Қатысушылар қорытынды нәтижелерді және иеленген орындарды конкурс аяқталғаннан кейін, games.daryn.kz сайтында көре алады.
Ұйымдастыру комитетінің байланыс телефоны: 8 7172 295266